«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Демалыс күндерінен кейін салынған айыппұл

2016 жылғы 26 Қаңтар
- Қостанай облысы
7518 просмотров

Жітіқара ауданында кәсіпкер салық органы салған 74 мың теңге мөлшеріндегі айыппұлдан құтылды

Оны спирттік ішімдікті сатып алу туралы ақпаратты уақытында ұсынбағаны үшін жауапкершілікке тартпақшы болған.

Әйгерім Тұйғанова Пригородный кентінде шағын дәмхананы жалға алып, қоғамдық тамақтандыру қызметін көрсетеді. Өткен жылдың желтоқсан айында сатуға 30 литр сыра алады да, заң бойынша, 2016 жылғы 4 қаңтарға дейінгі мерзімде бұл туралы салық органдарына хабарлауға тиіс болады.

Кәсіпкер ілеспе құжаттарды 5 қаңтарда, яғни мереке күндері аяқталған бетте ұсынады. Алайда мемлекеттік табыс басқармасы оны 33 АЕК – 74 мың 235 теңге мөлшеріндегі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартуға қаулы шығарады.

«Бұрын қасымда серіктесім жұмыс жасаған. Оның үйінде интернет болғандықтан, салық органдарына есепті өзі тапсырушы еді. Бірақ желтоқсан айында ол кетіп қалып, барлық жүктеме маған артылды. Интернетім жоқ, сондықтан да бірінші жұмыс күнінен құжат тапсырып тастау үшін қалаға бардым. Әрине, айыппұл шошытып жіберді, онсыз да ісім өрге басып жатқан жоқ. Таныстарым Кәсіпкерлер палатасына жүгінуге кеңес берді», - дейді Әйгерім Тұйғанова.

Палатаның аудандық филиалының сарапшылары аталмыш шешімге шағынуға көмектесті. Салық кодексіне сәйкес, міндеттемені орындау мерзімі құжатта белгіленген кезеңнің ақырғы күнінің соңында аяқталады. Алайда соңғы күн жұмыс күні болмаса, онда мерзім келесі жұмыс күнінің соңында аяқталады.

Ақырында сот жеке кәсіпкер шағымын қанағаттандырып, жауапкершілікке тарту туралы қаулының күшін жойды.

Бұл бизнесменнің Жітіқара ауданындағы салық органдары әрекетіне шағымданған алғашқы оқиға емес екенін еске саламыз. 2015 жығы қараша айында Палата сарапшылары ҚҚС бойынша есепке уақытында қоймағаны үшін 4 млн теңгеге жуық айыппұлға заңсыз тартылған кәсіпкердің мүддесін қорғаған болатын. Аталмыш шешімнің күшін жоюға Жоғарғы сотта ғана қол жеткізілген болатын. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер