«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Қостанай облысы тұрғындарына арналған микронесиелер

2016 жылғы 14 Наурыз
- Қостанай облысы
11011 просмотров

Өңір моноқалаларының кәсіпкерлері қолжетімді микронесиелермен қамтамасыз етілмек

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Еуразиялық Топ (ERG) пен Қостанай облысы әкімдігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Билік пен Ұлттық палата тұрғындарды жұмыспен қамту, өндірісті қосымша ынталандыру және нарықты қазақстандық тауар өнімдері мен қызмет түрлерімен толтыру мақсатында өңірде шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеумен айналысатын микроқаржылық ұйым құру (МҚҰ) туралы мәмілеге келді.

Сонымен бірге, Еуразиялық Топ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына 300 млн. теңге бөліп отыр. ERG ұсынып отырған қаржыландыру Рудный қаласының тұрғындарына, сондай-ақ  «ССГПО» АҚ және олардың Қостанай облысында  ұйымдастыратын  кәсіпкерлік жобаларына басымдық бере отырып, микронесиелеуді дамыту мақсатына бағытталады.

Әкімдік тарапынан 300 млн. теңге көлеміндегі қосымша қаржыландыру жүзеге асып, микронесиелеуді ұйымдастыруға көмек беріледі. Тұтастай алғанда, несие алу мүмкіндігі Рудный, Арқалық, Лисаковск моноқалаларының тұрғындарына беріліп отыр.

«Еуразиялық Топ өз кәсіпорындары орналасқан өңірлердің тұрақты дамуына көп жылдан бері елеулі үлес қосып келеді. Біз «Атамекеннің» жаңа жобасына қатысуға қуаныштымыз және оның жүзеге асуы рудныйлықтар мен Қостанай облысы тұрғындарына өз ісін ашуға, мұнда ШОБ-ты қолдау бойынша инфрақұрылым құруға септігін тигізеді деген сенім білдіреміз. Бұл дегеніңіз, жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйінің жақсаруы деген сөз», – деді ERG Менеджерлер Кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің айтуынша, аталмыш жобаға ірі компаниялардың қызығушылық танытуының арқасында Ұлттық палата қоржынының көлемі 5-7 млрд. теңгеге дейін ұлғаятын болады. Бұл микронесиелеуге бағытталатын қаражат.

«Біз Елбасы айтқан – ірі бизнес арқылы шағын бизнесті қолдау туралы ақылын іске асырып отырмыз. Бүгінде барлық бизнес түріне қатысты екі өзекті проблема бар. Бұл – сұраныс. Барлығы да сұраныстың сығымдалуы мен қаражаттың қолжетімділігін сезіп отыр. Міне бүгін үш тараптың да мүддесі бір жерге тоғысып отыр. «Атамекен» бағдарлама операторы ретінде қолдау көрсетеміз деп сендіріп отыр. Мерзім бекітеміз, несие алуға бір айдан артық уақыт кетпеуі тиіс. Әр ауданда біздің өкілдік, инфрақұрылым, ұжымымыз жұмыс жасайды, біздің мамандар несие беріп қана қоймай, бизнес-жоспар құруға көмек қолын созатын болады. Бұл бұған дейін ауыл тұрғындары үшін қиындық туғызатын», – деді Абылай Мырзахметов.

Қостанай облысы әкімі Архимед Мұхамбетов, өз кезегінде, «Меморандум аясында қолға алынған шаралар шағын бизнесті жеңілдетілген жүйе бойынша несиелеуге мүмкіндік береді. Бұл шағын бизнестің банк секторы назарынан тыс қалатын тұсы» екенін мәлімдеді.

Ұлттық палата жүргізген талдау нәтижелері Қазақстандағы әрекеттегі микронесиелік ұйымдарының қаржы ресурстарын 56%-дық сыйақы мөлшерлемесімен беретінін көрсетті. Бұл бастаушы шағын кәсіпкерлер үшін тіпті де қолжетімсіз.

ҰКП микронесиелеу ұйымдарында жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7%-ға тең және 36 айға дейінгі мерзімге берілетін 15 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. Несиелер заңды тұлғаларға, шаруа (фермерлік) қожалықтарына, жеке кәсіпкерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтары бар тұлғаларға беріледі.

Несиелеу шарттары бойынша кепіл ретінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік, жер телімдері, автокөлік пен ауылшаруашылық техникасы, үй жануарлары, сондай-ақ кепілдіктер мен үшінші тұлғалар кепілдіктері қабылданады. Несие сомасы мен мақсатына қарай қарыздарды өтеудің ай сайын, маусым сайын, алты айда бір рет, жылына бір рет төлеуге болатын икемді жүйесі қарастырылған. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер