«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Ауылдастың тайы озсын...

2016 жылғы 27 Шілде
- Қостанай облысы
9695 просмотров

Жангелді ауданындағы Торғай ауылында жиырма жылда болмаған тың жаңалық елең еткізді. Тұңғыш рет ветеринарлық дәріхана ашылды. Оның иесі саналы ғұмырын ветеринар мамандығына арнаған, бүгінде жеке кәсіпкер атанып отырған Ербол Құлмағамбет.  

Ауылдастар мұндай жақсылықты күткелі көп болып еді. Өйткені, мал дәрілету үшін бұрын облыс орталығына бару керек болатын. Немесе таныс арқылы емдететін. Соның бәріне қаншама уақыт кетуші еді. Ветеринарлық дәріхана ашылғалы түйткіл шешілді. Енді іздеген дәрі ауылдан табылады. 

«Ауылдастарға өте ыңғайлы болды. Шақырған адамдарға барам. Диагноз қоям. Вакциналар жазып берем. Антибиотиктер тағайындаймын. Халық бәрін сол жерден сатып алады. Ешкімге жалынып, облыстан әкеп берші демейді. Күніне үш-төрт шақырту болады. Малдарын емдеп беремін. Клиенттерім баршылық», – дейді Ербол Құлмағамбет.

Дәріхана ашу үшін кәсіпкер ақшаны «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша алған. 1 миллион 700 мың теңге грант ұтқан. Осы ақшаға дәрі-дәрмек пен құрылғылар сатып алды. Әлеуметтік маңызы бар нысанның ашылуына Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы қолдау білдірді.

«Бұл идея бізге бірден ұнады. Ауыл үшін өте өзекті дүние. Ауданға да керек. Оның үстіне кәсіпкерлік тәжірибесі мол адам келсе, нұр үстіне нұр. Сондықтан жедел түрде өтінішін орындадық. Бизнес-жоспар құруына көмектестік. Қазір бухгалтерлік мәселеге байланысты кеңес беріп жатырмыз. Ол кісіден кез-келген көмегімізді аямаймыз», – дейді КП Жангелді аудандық филиалының директоры Абылай Дәрке.

Қостанай облысында 2016 жылдан бастап Кәсіпкерлер палатасы 8314 адамға кәсіп ашуға байланысты тегін кеңес берген. Қызмет көрсету бойынша 1154 өтініш орындалған. Оның ішінде есеп-қисап, салық төлеу, мемлекеттік сатып алу, компьютерлік бағдарлама орнату сияқты дүниелер бар. Қостанайда мұндай көмекті Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан алуға болады. Оның мекен-жайы Әл Фараби даңғылы, 116. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер