«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Оқушылар арасында сауалнама жүргізеді

2016 жылғы 21 Қыркүйек
- Қостанай облысы
22833 просмотров

Қостанай облысының оқушылары өңірде өткізіліп жатқан кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жақсартуға көмектеспек

Кәсіпкерлер палатасы облыстық Білім басқармасымен бірге 9-11 сыныптарға арналған арнайы сауалнама құрастырды. Сауалнамаға облыстың барлық аудандары мен қалаларынан 2 мыңнан астам оқушы қатысады.

Сауалнамада болашақ мамандықты таңдауға қатысты 30-ға жуық  жеңіл сұрақтар берілген. Оқушылар өздері таңдаған мамандықтың басты артықшылықтарын, жалақысын, сондай-ақ кәсіби көзқарасын қалыптастырған деректерді көрсетуі керек.

Сондай-ақ, сауалнама оқушылардың кәсіпкерлік қабілетін анықтап, бизнес негіздері бойынша қосымша, факультативтік сабақтарды ұйымдастырудың қаншалықты қажетті екенін  түсінуге көмектеседі.

Сауалнама қорытындысы негізінде талдау жүргізіліп, білім беру мекемелерінде жалпы кәсіптік бағыт-бағдар беру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша әдістемелік нұсқаулықтар әзірленбек. Ол 2016 жылы қарашада өтетін білім беру саласының облыстық конференциясында таныстырылады.

«Өкінішке орай, бүгінгі таңда кәсіптік бағыт-бағдар беру жұмыстарының бірыңғай жүйесі қалыптаспаған. Тек кәсіпорындарды аралап саяхаттау, сыныптан тыс сағаттар жүргізу, мазмұны бойынша әртүрлі сауалнамалар толтыру сынды әр бағытта жоспарланған іс-шаралар ғана ұйымдастырылады. Алайда мұның барлығы әлі де жеткіліксіз. Біздің іс-әрекеттеріміздің барлығын үйлестіру үшін бірыңғай тәсіл қажет. Мектептердегі кәсіби бағдар беру жұмыстары ең жоғарғы нәтиже көрсететіндей етуіміз керек», – деді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Зарина Көкжанова.

Адами капиталды дамыту, ел кәсіпорындары үшін тәжірибелі мамандар дайындауға қатысу – «Атамекен» ҚР ҰКП мен оның облыстық бөлімшелерінің негізгі басымдықтарының бірі. Осы мақсатта Кәсіпкерлер палатасы жұмыскерлердің жетіспеушілігін қысқартуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастырады.

«Бүгінгі таңда 17 колледж және 3 жоғарғы оқу орны Дуальды оқыту картасына енді. Соның нәтижесінде студенттер оқудың тең жартысын тәжірибе арқылы үйренеді. Сонымен қатар, 2013 жылмен салыстыратын болсақ, Палата мен Білім басқармасы келісімшарт жасаған кәсіпорындар саны 7 есеге артқан», – деп атап өтті Зарина Көкжанова.

Ал оқушыларға келер болсақ, 2016 жылдың тек бірінші жарты жылдығының өзінде, Қостанай облысы бойынша 7 мыңнан астам оқушыны қамтыған, 200-ден астам кәсіптік бағдар беру шаралары ұйымдастырылды. Мектептерде 46-ға тарта кәсіптік бағдар беру кабинеттері ашылды. Жыл сайын сала бойынша мамандар жетіспеушілігін анықтау мақсатында кәсіпкерлерге сауалнама жүргізіледі. Сондай-ақ облыстың мемлекеттік білім беру тапсырысы – анықталған мәліметтер негізінде қалыптасады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер