«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесті қорғау

FAQ

Өнім мен өндірісті танытудың мүмкіндігі

2018 жылғы 27 Шілде
- Қостанай облысы
5247 просмотров

Қостанайда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік-көрме байқауы өтті

27 шілдеде «Қостанай Плаза» сауда-сауық орталығында өңірдегі инновациялық өніммен танысып, сапалысын көзбен көріп, жергілікті тауарды иеленуге мүмкіндік жасалды. Ауқымда шара «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына арналып, Қостанай облысындағы нан пісіруден бастап. көлік жасауға дейінгі кәсіппен айналысатын тауар өндірушілерінің басын қосты.

Іс-шараға 31 кәсіпорын қатысты. Нарықта ірі кәсіпорын ретінде танылғандармен қатар «Бастау», «Бизнес-Кеңесші» жобалары арқылы жақында ғана іске қосылған жеке кәсіпкерлер де бақ сынады.

Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов бизнес өкілдерінің байқауға қатысуы – еңбегін таныстырып, жетілуге деген ұмтылыс екенін атап өтті.

«Неге қатыспасқа?! Мен шығаратын бал ең жақсы екеніне сенімдімін. Олмай болмаса, айналыспас едім», – дейді Анатолий Богданов.

Мұндай пікірді сүт фермасының иесі Бибгүл Шитинбаева да ұстанады. Өзі бағатын сиырдың сүтінен табиғи таза өнім дайындайды. Сүт өнімдерімен қатар жентті де алып келген. Кәсіпкердің осы өнімі жәрмеңкеде тез таралып кетті. Ол жеңіс үшін емес, тәжірибе жинауға келгенін жасырмады.

«Содалит» зергерлік компаниясының бұйымдары нарықта көп жылдан бері орын алса да, байқауға бірінші рет қатысып отыр.

«Зергерлік бұйымдарды жасаумен 10 жылдан бері айналысып келеміз, – дейді компания директоры Анастасия Кузина. – Күміс, алтын, бағалы тастармен жұмыс істейміз. Бастапқыда тек тапсырыспен жасайтынбыз, енді кеңейіп жатырмыз. Басты ерекшелік 3Д үлгілеуді қолданамыз. Суретшілер, дизайнерлер, шеберлер мықты. Негізінен интернет арқылы сатылымға шығарылады».

«Домбаева» ЖК көрмеге ұлттық нақышта тігілген той көйлектері мен бас киімдерді ұсынған. Көпшілік көздің жауын алатын бұйымдарға қызықты.

Татьяна Магданова да киім тігумен айналысады. Кәсіпкер балаларға арналған киімдермен қатар үй жануарларына арналған бұйымдарды да тігеді. Оның заттары облыс көлеміне де, одан тыс аймаққа да таралады.

«Байқауға екінші рет қатысып отырмыз. Танымалдылықты арттырғымыз келеді», – дейді кәсіпкердің қызы Анна Магданова.

Көрме-байқауына нан және кондитерлік өнімдері де қойылды. «Дастархан» ӨК» ЖШС директоры Елена Блажко дәмді нан пісірудің құпиясымен бөлісті.

«Әжем нанға селқостықпен қарамау жайлы көп айтатын. Қамыр адамның көңіл-күйін қабылдайды. Нан дәмді болу үшін жақсы күймен ашыту керек», – дейді «Дастархан» директоры.

Сонымен қатар «Карагулина» жеке кәсіпкерлігі де нан пісірумен айналысады. Қазіргі таңда 200 түрлі нан пісіреді. Шешімшкенің дәні, сәбіз қосылған нан түрлерін де табуға болады. Кәсіпорын балкүлшемен ерекше мақтанады.

Көрме барысында қымыз шығаратын «Каменск-Уральск» ЖШС өнімдеріне сұраныс жоғары болды әрі кезекке тұрған адамның қатары артты. Ұлттық сусынның дәмін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов те татып көрді.

«Бұл байқау төртінші жыл өткізіліп отыр. Жыл сайын қызықты әрі танымалдылығы артып келеді. Бүгінде 31 кәсіпорынды көріп отырмыз. Осындай байқауларда жеңілген кәсіпкер болмайды деп есептеймін. Барлығы да үздік!» – деді облыс басшысы.

Дегенмен байқаудың қорытындысы шығарылып, үздіктердің есімдері аталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» аталымына «Гермес 4» ЖШС, «СарыарқаАвтопром» ЖШС және «МедиДез» ЖШС ие болды.

«Халыққа арналған үздік тауар» аталымында «Домбаева» ЖК, «Содалит» зергерлік компаниясы және «Triera KZ» ЖШС үздіктер қатарынан оза шықты. Ал үздік азық-түлік өндірушілер ретінде «ПИК» фирмасы» ЖШС, «Карагулина» ЖК, «Аква Арасан» ЖШС танылды.

Осы 9 кәсіпорын Қостанай облысының атынан республикалық байқауға қатысады.

Негізгі аталымнан бөлек 3 қосымша орын берілді. Тұтынушылар көңілінен шыққаны үшін «Сыродел» тауар маркасымен «СРПП» ЖШС ерекше аталса, «Каменск-Уральск» ЖШС «Уақытпен дәлелденген сапа» аталымына ие болды. Үздік сұрыпталым атауында кондитерлік өнімдер шығаратын «Радченко» ЖК озық шықты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер